Ресейлік “Художественная литература” баспасының бас редакторы Георгий Пряхин қазіргі уақытта баспада шығармалар жинағын шығаруға дайындық жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы Ресейдегі Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресей жазушысының айтуынша, Абай шығармаларының жинағы орыс тілінде шығады. Сонымен қатар, ол баспада осы кітаптың тұжырымдамасы туралы мәселе егжей-тегжейлі пысықталып жатқанын атап өтті.
Георгий Пряхин жинаққа Қазақстан мен Ресейдің екі ұлы ойшылы – Абай Құнанбаев пен Лев Толстойдың шығармалары енгізілуі мүмкін деп атап өтті. Ол кітап қазақ ақынының 175 жылдық мерейтойына орайластырылатынын айтты.
“Егер бізде “Абай және Толстой ” атты қуатты томды басып шығаратын болсақ, менің ойымша, бұл Абайдың 175 жылдығы мен екі ел мәдениетіне қосқан үлесіміз болады. Абайдың 45 қара сөздеріндегі ой-пікірлері қазақтарға ғана да қатысты емес. Олар орыс адамына, ресейлік адамға да өнегелі. Бұл, сөзсіз, нақты әлемдік деңгей. Мен бірнеше нәрсеге таң қалдым. Біріншіден, ол бірнеше ғасырдан кейін, бүгін де өз халқымен тең дәрежеде сөйлесе білетін адам”,-деді Пряхин.
Сурет: nur.kz